RakursInfo
Біз туралыБайланыс
Қала мен сала

Әке – жүгірді, ана – велосипед тепті, бала – мәреге жетті: Астанада отбасылық жарыс өтті

✍️ Әбуғали Ордабай📅 13 Қыркүйек 2026👁 2 қаралым
Әке – жүгірді, ана – велосипед тепті, бала – мәреге жетті: Астанада отбасылық жарыс өтті

Астанада Отбасы күніне орай «OTBASY DUATLON 2026» отбасылық жарысы оныншы рет ұйымдастырылды. 2016 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан спорттық додаға қатысушылар жүгіру мен веложарысты қамтитын жалпы 4,2 шақырымдық қашықтықты бағындырды.

Биылғы жарыста балалар 8-9, 10-11 және 12-13 жас аралығындағы үш санатқа бөлінді. Отбасылық эстафетаның жалпы қашықтығы 4,2 шақырымды құрады.

Сайыстың алғашқы кезеңін әкелер бастап, белгіленген қашықтықты жүгіріп өтті. Одан кейін эстафетаны аналар қабылдап, велосипедпен 2 шақырым жол жүрді. Ал жарыстың қорытынды кезеңінде балалар 200 метр қашықтыққа жүгіріп, команданы мәреге жеткізді.

Спорттық іс-шараның басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ата-ана мен бала арасындағы өзара байланысты нығайту және салауатты өмір салтын қалыптастыру.

«Бүгінгі спорттық іс-шарамыз «Отбасы күніне» орай ұйымдастырылып жатыр. Қатысу тегін және осы іс-шара арқылы отбасылық құндылық насихатталады деген сенімдемін. Жеңімпаздар 3 санат бойынша анықталады және оларға сыйақы ретінде тұрмыстық техникалар беріледі. Сайысқа қатысқан отбасылардың лотерея арқылы велосипед ұтып алуға да мүмкіндігі бар», – деді Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

Айта кетейік, «OTBASY DUATLON 2026» биыл оныншы рет өтіп отыр. Жарыстың алғашқы кезеңінде 8-9 жас санатындағы балалардың отбасылары сынға түсті.

Осы санатта биатлоншылар отбасы – Турин және Ванкувер Олимпиадасының қатысушысы, биатлоннан 4 дүркін қысқы Азия ойындарының және екі дүркін Азия чемпионы Александр Червяков пен Анна Лебедевадан құралған команда да бақ сынады. Олар өз санатында мәреге бірінші болып жетіп, жеңіске қол жеткізді.

Қатысушы Анна Лебедеваның айтуынша, отбасы бұл жарысқа екінші рет қатысып отыр. Былтыр олар күміс жүлдені иеленсе, биыл алтын медальға қол жеткізген.

«Астана қаласында отбасыға арналған дуатлон жылына бір мәрте ұйымдастырылады. Отбасы күніне орай өтетін шараға Ақмола облысы, Ақкөл қаласынан келсек те, ең бастысы өзіміздің балаларға мотивация берсек дейміз. Себебі, балалар біздің сөзімізді емес, іс-әрекетімізді қайталайды.

Жалпы осы шараға екінші мәрте қатысып жатырмыз. Былтыр күміс жүлдеге ие болсақ, осы жолы алтын жүлдеге қол жеткіздік. Шынымызды айтсақ, арнайы дайындалдық деп айта алмаймыз. Өзіміз бапкер болғандықтан, күнделікті 80-ге жуық баланың дайындығына көңіл бөлеміз.

Ал осындай шара арқылы өзіміздің 6 баламызға үлгі көрсетуге тырысудамыз және бүгін 8-9 жас пен 12-13 жас санатында қатысуға шешім қабылдадық», – деді қатысушы Анна Лебедева.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталып, оларға арнайы сыйлықтар табысталды. Бұдан бөлек, қатысушылар арасында лотерея ұйымдастырылды.

Тіркеу нөмірлері арқылы өткізілген лотерея барысында жалпы 10 велосипед ойнатылды. Осылайша, спорттық дода қатысушыларға жарыс жолындағы бәсекемен қатар, бағалы сыйлықтарға ие болуға да мүмкіндік берді.

Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бөлісу: