RakursInfo
Біз туралыБайланыс
Қала мен сала

Астанада «Қызмет алушылар күні» өтіп, тұрғындарға мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес берілді

✍️ Әбуғали Ордабай📅 29 Қыркүйек 2026👁 2 қаралым
Астанада «Қызмет алушылар күні» өтіп, тұрғындарға мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес берілді

Астанада халыққа қызмет көрсету орталықтарының бірінде тұрғындар мен елорда қонақтарына мемлекеттік және әлеуметтік қызметтерді алу тәртібі түсіндірілген «Қызмет алушылар күні» өтті. Әлеуметтік акция барысында азаматтар еңбек, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау салаларына қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандарынан нақты кеңес алды.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті ұйымдастырды. Бастаманың негізгі мақсаты – азаматтарға мемлекеттік қызметтерді алу тәртібін түсіндіру, олардың құқықтары мен мүмкіндіктері туралы ақпарат беру, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдау.

Әлеуметтік акцияға еңбек және әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау салаларында қызмет көрсететін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті, Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мамандары азаматтарды қабылдап, жеке мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Мамандар тұрғындардың сауалдарына жауап беріп қана қоймай, тиісті мемлекеттік қызметтерді алу үшін қандай құжаттар қажет екенін, қайда және қандай тәртіппен жүгінуге болатынын түсіндірді. Бұл азаматтарға өз мәселелерін нақтылап, қажетті қызметті алу жолдарын анықтауға мүмкіндік берді.

«Бүгін біз Қызмет алушылар күнін өткізіп жатырмыз. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылаушы орган ретінде біздің басты мақсатымыз – азаматтардың пікірін тікелей тыңдау, жүйелі мәселелерді анықтау және мемлекеттік қызметтерді алу процесін барынша қарапайым әрі ашық ету. Біз мемлекеттің диалогқа ашық екенін және халықтың мәселелерін жедел шешуге дайын екенін көрсеткіміз келеді», – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің бас маманы Ләззат Саду.

Оның айтуынша, мұндай кездесулер мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы тікелей байланысты нығайтып, қызмет көрсету барысында туындайтын мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері мемлекеттік қызмет көрсету сапасын одан әрі жетілдіруге бағытталған жұмыстарда ескеріледі.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бас маманы Айгүл Еспанованың айтуынша, іс-шара барысында қала тұрғындары негізінен әлеуметтік төлемдер мен әлеуметтік қолдау шараларына қатысты мәселелер бойынша жүгінген.

«Қызмет алушылар күні» аясында азаматтарға әлеуметтік қолдау түрлері, жұмыспен қамту мәселелері және денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар бағыт бойынша кеңестер берілді. Мұндай формат тұрғындарға бірнеше сала мамандарына бір жерде жүгініп, өз сұрақтарына жан-жақты жауап алуға мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі туралы ақпараттандырылуы – қызмет көрсету сапасын арттырудың маңызды бағыттарының бірі. Осындай кездесулер арқылы тұрғындардың құқықтық және әлеуметтік сауаттылығын арттыруға, мемлекеттік қызметтерді алу барысын жеңілдетуге және халықпен кері байланысты күшейтуге мүмкіндік бар.

Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бөлісу: