RakursInfo
Біз туралыБайланыс
Қала мен сала

Футбол ардагерлері мен жас чемпиондар Астанада 20-дан астам ағаш отырғызды

✍️ Әбуғали Ордабай📅 29 Қыркүйек 2026👁 14 қаралым
Футбол ардагерлері мен жас чемпиондар Астанада 20-дан астам ағаш отырғызды

Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында футбол ардагерлері, елордалық спортшылар мен жас чемпиондар бас қосып, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион аумағына 20-дан астам ағаш көшетін отырғызды. Игі бастама қоршаған ортаны абаттандырумен қатар, спорттағы аға буын мен жас ұрпақ арасындағы сабақтастықты нығайтуға бағытталды.

Ағаш отырғызу шарасына Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасарлары Азамат Ағзамов пен Бекзат Тамшыбай, Қазақстан футболының ардагерлері Владимир Глевич, Серік Асылбеков, Владимир Павлюк, Павел Демян, Амангелді Ашкенұлы, 2011, 2012 және 2013 жылы туған футболдан Қазақстан чемпиондары, олардың жаттықтырушылары және «Жеңіс» футбол клубының спортшылары қатысты.

Қазақстан футболының ардагері Амангелді Ашкенұлы мұндай кездесулердің жас спортшылар үшін тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.

«Бүгін футбол ардагерлері, қазіргі спортшылар мен жас буынның бір жерде бас қосқаны біз үшін өте маңызды. Біз де кезінде футбол алаңына шығып, өз командаларымыздың намысын қорғадық. Қазір сол дәстүрді жалғастыратын жаңа чемпиондар өсіп келеді. Осындай кездесулер аға буын мен жас ұрпақ арасындағы байланысты нығайтады.

Бүгін отырғызылған ағаштар да ұзақ жылдар бойы осы жерде өсіп, қаламыздың көркін арттырады. Сол ағаштармен бірге балаларымыз да өсіп, спорт саласы дамып, елордамыз одан әрі көркейе берсе екен дейміз. Бұл – баршамыздың болашаққа қосқан ортақ үлесіміз», – деді ол.

Астана қаласы әкімдігінің «№8 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебі» КММ басшысы Еркебұлан Алдабергенов жас спортшылардың қоғамдық бастамаларға белсенді араласуы маңызды екенін айтты.

Оның сөзінше, шараға 2011 және 2012 жылы туған Қазақстан чемпиондары атанған 50 жас футболшы мен олардың жаттықтырушылары қатысты.

«Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қазақстан футболының ардагерлері, елордалық спорт өкілдері, қазіргі спортшылар мен жас тәрбиеленушілер бір алаңда бас қосты. Біз үшін балалардың футбол алаңында жоғары нәтиже көрсетуімен қатар, қаланың қоғамдық өміріне белсенді қатысуы да маңызды.

Бүгін барлығымыздың ортақ күшімізбен 20-дан астам ағаш отырғыздық. Біздің спортшылар «Таза Қазақстан» бастамасын және басқа да қоғамдық маңызы бар іс-шараларды үнемі қолдап келеді. Осындай акциялар арқылы біз болашақ чемпиондарды ғана емес, үлкенді құрметтейтін, табиғатты аялайтын, туған қаласының тазалығы мен абаттандырылуына жауапкершілікпен қарайтын ұрпақ тәрбиелейміз», – деді Еркебұлан Алдабергенов.

Шара барысында футболдың аға буын өкілдері жас спортшылармен тәжірибе бөлісіп, спорттағы жетістіктер мен қоғамдық жауапкершіліктің маңызы жөнінде ой бөлісті. Бірлескен ағаш отырғызу жұмысы ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісіне айналды.

Отырғызылған 20-дан астам көшет Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион аумағының жасыл желегін толықтырып, елордадағы абаттандыру жұмыстарына өзіндік үлес қосты. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы мұндай бастамалар тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға, қаланың тазалығы мен көркеюіне белсенді атсалысуға үндейді.

#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan

Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бөлісу: