Астанада ардагерлер мен жастар «Таза Қазақстан» акциясына қатысты

Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылды. Игі бастамаға ардагерлер, жастар, кәсіпкерлер және қала әкімдігінің қызметкерлері қатысып, Абай даңғылының бойына 140 ағаш көшетін отырғызды. Экологиялық шараға Астана медицина университетінің 120-ға жуық студенті мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері де атсалысып, елорданың көркеюіне үлестерін қосты.
Байқоңыр ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшесі Маржан Пірімбетованың айтуынша, орталық зейнеткерлері қоғамдық және экологиялық бастамалардан шет қалмай, мұндай шараларға тұрақты түрде қатысып келеді.
«Бүгін Байқоңыр аудандық әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған экологиялық шараға қатысып, көшет отырғызуға келдік. Абай даңғылының бойын абаттандыруға атсалысып, қаламыздың тазалығы мен көркеюіне үлес қосу – барлығымызға ортақ міндет деп ойлаймын. Біз «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын әрдайым қолдаймыз. Орталығымыздың зейнеткерлері жыл сайын осындай қоғамдық және экологиялық жұмыстарға белсенді түрде қатысып келеді», – деді ол.
Экологиялық акцияға аудан ардагерлері де белсенді түрде атсалысты. Байқоңыр ауданы Ардагерлер кеңесінің мүшесі Жомарт Дәуменовтің сөзінше, жасы үлкен азаматтар үшін де туған қаланың тазалығы мен көркейту жұмыстарына қатысу маңызды.
«Бүгінгі экологиялық акцияға ардагерлер де белсене қатысып жатыр. Арамызда жасы 90-ға таяған қарияларымыз бар, ал ең кішілерінің өзі 70 жастан асқан. Соған қарамастан олар қаламыздың көркеюі мен гүлденуіне өз үлесін қосу үшін арнайы келіп отыр. Бұл – біздің тұрған жеріміз, туған мекеніміз. Сондықтан қаламыз әрдайым таза, көрікті әрі жайнап тұруы керек», – деді Жомарт Дәуменов.
«Таза Қазақстан» экожобасы аясында өткен шараның тағы бір ерекшелігі – оған әр буын өкілдерінің қатар қатысуы. Ардагерлер мен зейнеткерлердің жастармен бірге еңбек етуі қоршаған ортаны қорғауға деген ортақ жауапкершілікті көрсетіп, қоғамдық бірлікті нығайта түсті.
Көшет отырғызу жұмыстары арқылы қатысушылар Астананың жасыл желегін көбейтіп қана қоймай, қаланы таза әрі жайлы етуге бағытталған ортақ іске өз үлестерін қосты.
Бөлісу:



