Астананың жасыл келбеті

Астанада қаланы көгалдандыру және жасыл аумақтарды көбейту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Бүгінде елорда аумағында шамамен 4,7 миллион жасыл желек бар. Ал қаланың «Жасыл белдеуінде» 14 миллионға жуық өсімдік өсіп тұр.
Жыл сайын елордада миллионға жуық жаңа өсімдік отырғызылады. Оның ішінде шамамен 70 мың ағаш бар. Көгалдандыру барысында Астананың табиғи жағдайына бейімделген, аязға төзімді ірі ағаштар мен көпжылдық бұталарға басымдық беріледі.
Қала көшелері мен қоғамдық кеңістіктердің сәнін келтіріп тұрған өсімдіктердің қатарында шашақты гортензия да бар. Сәндік бұта ұзақ уақыт бойы гүлдеп, ірі гүлшоғырларымен ерекшеленеді. Бір қызығы, оның гүлдерінің түсі маусым барысында біртіндеп өзгеріп отырады.
Гортензияның тағы бір ерекшелігі – суық климатқа төзімділігі. Қысқы аяз, қатты жел мен ауа райының күрт өзгеруі тән Астана жағдайында өсімдікті дұрыс таңдап, тиісті күтім жасау оның жақсы бейімделуіне мүмкіндік береді.
Елордада көгалдандыру кезінде климаттық ерекшеліктерді ескеру – басты бағыттардың бірі. Себебі Астананың қысы ұзақ әрі аязды, ал өсімдіктердің вегетациялық кезеңі қысқа. Сондықтан қала жағдайына төзімді түрлерді көбейту арқылы жасыл желектің тұрақтылығын қамтамасыз етуге болады.
Бүгінде гүлге бөленген гортензиялар елорданың қоғамдық кеңістіктеріне ерекше көрік беріп, қаланың сәулеттік келбетімен үйлесім тауып отыр. Бұл – Астананы жасыл әрі жайлы қалаға айналдыруға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі.
Бөлісу:



