RakursInfo
Біз туралыБайланыс
Спорт

Аяулым Әмренова: Олимпиадада көк туды алып шығамын деп ойламадым

✍️ Қанат Байұзақов📅 4 Ақпан 2026👁 66 қаралым
Аяулым Әмренова: Олимпиадада көк туды алып шығамын деп ойламадым

Фристайл-могулдан ұлттық құраманың мүшесі Аяулым Әмренова өзіне ту ұстап шығу міндетін қалай қабылдағанын, Олимпиадаға дайындығы мен осы спортқа қалай келгені жайлы Elordainfo.kz тілшісіне айтып берді.

- Сізге Милан-2026 Олимпиадасында ту ұстаушы мәртебесі бұйырды. Осы сәтті қалай қабылдадыңыз?

- Туды мен алып шығамын деп ойламадым. Айтқан кезде таң қалып, сенбедім. Мен үшін бұл үлкен жауапкершілік. Олимпиада ойындарында туды алып шығу тарихи сәт, өмір бойына қалатын естелік. Осыған дейін Қазақстан 1994 жылдан бері 8 Олимпиадаға қатысыпты. Оның ішінде әйелдер арасынан Бейжің Олимпиадасында ғана Екатерина Аидова көк туымызды алып шығыпты. Енді мен осы мәртебеге ие болатын алғашқы қазақ аруы атанбақшымын.

- Бұған дейін БАҚ беттерінде Олимпиаданың ту ұстаушыларына қатысты ақпараттар шығып еді. Сол кезде ту ұстауға байланысты сеніміңіз болмаған шығар?

- Туды алып шығу, Президентпен кездесу болса, күшті болушы еді деп ойладым. Бірақ мені таңдайды деген ойлар болмады.

- Бұл сіздің үшінші Олимпиадаңыз болмақ. Ешқандай қобалжу жоқ шығар? Италияның жарыс алаңы сізге қаншалықты таныс?

- Қобалжу жоқ. Керісінше, қатты күтіп жүрмін. Бірінші Олимпиада кезінде бала едім. Екінші Олимпиада кезінде пандемия болып, көп шектеулер қойылды. Сондықтан алдағы ойындарды асыға күтудемін. Италиядағы трассаны білмеймін. Себебі, 2025 жылдың 11 наурызында Ливинода (Италия) өткен әлем Кубогына жарақатыма байланысты қатыса алмай қалдым.

- Олимпиаданың салтанатты және спорттық киіміне қандай баға бересіз?

- Киім маған ұнады. Ыңғайлы, жеңіл әрі жылы. Бірақ көбірек қазақша ою немесе Қазақстанның рухын көрсететін детальдар көбірек болса деп ойлаған едім.

- Милан Олимпиадасына дейінгі дайындық барысы қалай өтті?

- Дайындық жақсы өтті. Барлық жағдай жасалынды. 2026 жыл басталғалы Канада мен АҚШ-та әлем Кубогына қатысып үлгердік. Қазір Швейцарияның Айроло курортында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз.

- Қысқы спортпен қазақтың ұл-қыздары көп жағдайда айналыса бермейді ғой. Сіз бұл спорт жолына қалай келіп қалдыңыз?

- Өзімнің өскен жерім Өскемен қаласында таулар көп. Табиғаты керемет. Сондықтан халық демалысты қаладан тыс жерден өткізу ұнатады. Сондай жерлердің бірі «Алтай Альпісі» деген тау-шаңғы курорты еді. Мен отбасыммен кішкентай кезімнен сол жерде өткізетінбіз. Шаңғы теуіп жүрген адамдарға қызығып, папама менде осылай үйренгім келеді деп айттым. Сөйтіп осы спортқа келдім.

- Фристайл қыстық спорттың ішінде ең қауіптілердің қатарына кіреді ғой. Осы жағынан келсек, сізде де жарақат аз емес шығар?

- Әртүрлі жарақат болды. Спорт болған соң, ондай жағдай кездесіп тұрады. Бірақ ауыр жарақатым көп деп айта алмаймын. Бір рет қана ауыр жарақат алдым. Сол үшін былтыр ота жасалып, оңалтудан өттім. Қазір бәрі жақсы.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Ақпарат: Elordainfo.kz

Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі

Бөлісу:

Басқа жаңалықтар

«Заң мен тәртіп – жауапты азаматтың өмір салты»: елордада «Жасыл ел» жастарымен кездесу өтті
Қоғам

«Заң мен тәртіп – жауапты азаматтың өмір салты»: елордада «Жасыл ел» жастарымен кездесу өтті

«Жасыл ел» жобасына қатысып отырған жастар – Қазақстанның тазалығына бейжай қарамайтын, туған жердің көркеюіне өз үлесін қосып жүрген жанашыр азаматтар.

📅 16 Шілде 2026👁 163
Астана балабақшаларында «Әке, ана, терезені жапшы!» челленджі басталды
Қоғам

Астана балабақшаларында «Әке, ана, терезені жапшы!» челленджі басталды

Балабақшаларда тәрбиешілер тәрбиеленушілермен қауіпсіздік сабақтарын өткізіп, үйде, аулада және көпқабатты тұрғын үйлерде сақталуы тиіс қарапайым, бірақ өмірлік маңызы бар ережелерді түсіндірді.

📅 16 Шілде 2026👁 118
«Қазақстанға ғашық болып қалдық»: шетелдіктер Астанадағы BaiQymyz-2026 фестивалі туралы әсерімен бөлісті
Мәдениет

«Қазақстанға ғашық болып қалдық»: шетелдіктер Астанадағы BaiQymyz-2026 фестивалі туралы әсерімен бөлісті

Шетелдік қонақтардың айтуынша, BaiQymyz-2026 фестивалі Қазақстанды ұлттық дәстүрі, музыкасы, спорты және халқының қонақжайлығы арқылы жаңа қырынан тануға мүмкіндік берген.

📅 12 Шілде 2026👁 137