«Халық заңгері»: Астаналықтарға тегін заңгерлік кеңес берілді

Астанада «Заң мен тәртіп» акциясы аясында «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығында тұрғындар үшін «Халық заңгері» және «Құқықтық дәріхана» акциялары ұйымдастырылды. Шара барысында елорда тұрғындары мен қонақтары өздерін алаңдатқан құқықтық мәселелер бойынша мамандардан тегін кеңес алды.
Келушілерді мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгерлер мен адвокаттар қабылдады. Білікті мамандар азаматтарға құқықтарын қорғау, қолданыстағы заңнама және құқық қолдану тәжірибесіне қатысты түрлі мәселелер бойынша түсіндірме берді.
Әсіресе шұғыл шешім қабылдауды қажет ететін мәселелерге басымдық берілді. Жеке қабылдау кезінде мамандар азаматтардың құқықтық мәселелерін шешудің ықтимал жолдарын түсіндіріп, тиісті мемлекеттік органдарға қалай және қандай тәртіппен жүгіну керектігін айтып берді.
Сонымен қатар тұрғындарға өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін заңнамада қарастырылған мүмкіндіктер мен тетіктер туралы ақпарат ұсынылды.
«Іс-шараға 20-ға жуық ұйым қатысып жатыр. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Нұра ауданының әкімдігі аумақтық құқық қорғау органдарымен бірлесіп, тұрғын үй кешендерінің тұрғындарымен жиі кездесулер өткізеді. Сондай-ақ сауда және ойын-сауық орталықтарында, колледждерде, мектептерде және қоғамдық кеңістіктерде кездесулер ұйымдастырамыз. Заң мен тәртіп – бұл тек әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қана емес.
Бұл – қаламыздың тұрғындары мен қонақтарының қоғамдық орындарда заң талаптарын ғана емес, әдеп нормаларын да сақтауға деген азаматтық ұстанымы», – деді Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ашық форматтағы кездесулер азаматтардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, туындаған мәселелер бойынша уақытылы әрекет етуіне мүмкіндік береді. Тегін кеңес алу арқылы тұрғындар өз құқықтары мен міндеттерін жақсырақ түсініп, оларды қорғаудың заңды жолдарымен таныса алады.
Шараға келген қала тұрғындарының бірі Айгүл Гүлкяева акцияның өзіне тиімді болғанын атап өтті.
«Мен үшін бұл іс-шара өте ыңғайлы болды. Мұнда келіп, көптен бері мазалап жүрген сұрағыма жауап аламын деп күтпеген едім», – деді қала тұрғыны Айгүл Гүлкяева.
«Халық заңгері» мен «Құқықтық дәріхана» акциялары тұрғындар мен мемлекеттік органдар өкілдері, сондай-ақ заң саласының мамандары арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер азаматтардың құқықтық мәселелерін ашық талқылап, оларды шешудің заңды жолдарын түсіндіруге бағытталған.
Бөлісу:



