RakursInfo
Біз туралыБайланыс
Қоғам

«Заң мен тәртіп – жауапты азаматтың өмір салты»: елордада «Жасыл ел» жастарымен кездесу өтті

✍️ Әбуғали Ордабай📅 16 Шілде 2026👁 163 қаралым
«Заң мен тәртіп – жауапты азаматтың өмір салты»: елордада «Жасыл ел» жастарымен кездесу өтті

Астанада «Заң мен тәртіп – жауапты азаматтың өмір салты» тақырыбында «Жасыл ел» еңбек жасағының жастарымен кездесу өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын насихаттау мақсатында Астана қаласы прокуратурасының бастамасымен және Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен өтті.

Кездесу «Таза қала – жасыл болашақ» экологиялық акциясы аясында ағаштарға су құю рәсімінен басталды. Осыдан соң қатысушылар экологиялық көрмені аралап, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеудің маңызымен танысты. Сондай-ақ прокуратура өкілдері мен экология саласының мамандары жастармен еркін пікір алмасып, құқықтық сауаттылық, азаматтық жауапкершілік және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөнінде ақпарат берді.

Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілі Ерлан Айдаров биыл елордада «Жасыл ел» жобасы аясында 5 200 жас жұмыспен қамтылғанын айтты.

«Бұл іс-шараның басты мақсаты – «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» идеологияларын ілгерілету. Осы бағытта жастарға маңызды ақпараттар беріліп, прокуратура мен экология саласының мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Биыл «Жасыл ел» жобасы аясында 5 200 жас жұмыспен қамтылып отыр. Олар төрт жазғы еңбек маусымында еңбек етеді. Жастарға ең төменгі жалақы мөлшеріне теңестірілген 85 мың теңге көлемінде еңбекақы төленеді және барлығы арнайы жұмыс киімімен қамтамасыз етілген. Бүгінде республика бойынша жастарды жұмыспен қамту көрсеткіші жағынан Астана қаласы бірінші орында. Бұл жоба жастарды еңбекке баулуға, олардың жауапкершілігін арттыруға және өз еңбегімен табыс тауып, ата-анасына қолдау көрсетуіне мүмкіндік береді», – деді ол.

Астана қаласының экоамбассадоры, экотренер және экологиялық кеңесші Мариям Ималиденқызы тұрмыстық қалдықтарды дұрыс сұрыптау мен қайта өңдеудің экологиялық маңызына тоқталды.

«Қалдықтарды сұрыптау арқылы біз табиғи ресурстарды сақтап қана қоймай, қоршаған ортаның ластануын азайтып, өз денсаулығымызды да қорғаймыз. Бүгінде Астанада пластик, шыны, қағаз, электронды қалдықтар, автодөңгелек пен тоқыма бұйымдарын қайта өңдеуге мүмкіндік бар. Сондықтан әрбір тұрғын қалдықтарды дұрыс сұрыптап, қайта өңдеуге тапсыруды өмір салтына айналдыруы қажет. Ең бастысы – қалдыққа қоқыс ретінде емес, қайта өңдеуге болатын құнды шикізат ретінде қарауды үйренуіміз керек», – деді Мариям Ималиденқызы.

«Алматы» ауданы прокурорының міндетін атқарушы Жолдас Асқаров «Жасыл ел» жастарының еңбегі қоғам үшін маңызды екенін атап өтті.

«Жасыл ел» жобасына қатысып отырған жастар – Қазақстанның тазалығына бейжай қарамайтын, туған жердің көркеюіне өз үлесін қосып жүрген жанашыр азаматтар. Олардың атқарып жатқан еңбегі – өздерінен кейін өсіп келе жатқан жас буынға үлгі. Еңбекқорлық, жауапкершілік және қоршаған ортаға деген қамқорлық әрдайым жоғары бағалануы тиіс. Осындай белсенді, елге жанашыр азаматтардың қатары көбейе берсін», – деді ол.

Кездесу соңында жастар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, прокуратура өкілдерімен ашық пікір алмасты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық сауатын арттырумен қатар, табиғатқа жанашыр жастарды қалыптастыруға және қоғамдық жауапкершілікті нығайтуға ықпал етпек.

#законипорядок #заңментәртіп

Бөлісу:

Басқа жаңалықтар

Астана балабақшаларында «Әке, ана, терезені жапшы!» челленджі басталды
Қоғам

Астана балабақшаларында «Әке, ана, терезені жапшы!» челленджі басталды

Балабақшаларда тәрбиешілер тәрбиеленушілермен қауіпсіздік сабақтарын өткізіп, үйде, аулада және көпқабатты тұрғын үйлерде сақталуы тиіс қарапайым, бірақ өмірлік маңызы бар ережелерді түсіндірді.

📅 16 Шілде 2026👁 118
«Қазақстанға ғашық болып қалдық»: шетелдіктер Астанадағы BaiQymyz-2026 фестивалі туралы әсерімен бөлісті
Мәдениет

«Қазақстанға ғашық болып қалдық»: шетелдіктер Астанадағы BaiQymyz-2026 фестивалі туралы әсерімен бөлісті

Шетелдік қонақтардың айтуынша, BaiQymyz-2026 фестивалі Қазақстанды ұлттық дәстүрі, музыкасы, спорты және халқының қонақжайлығы арқылы жаңа қырынан тануға мүмкіндік берген.

📅 12 Шілде 2026👁 137
Астанада қауіпсіздік тақырыбында оқушыларға арналған профилактикалық кездесу өтті
Қала мен сала

Астанада қауіпсіздік тақырыбында оқушыларға арналған профилактикалық кездесу өтті

Іс-шара барысында оқушыларға жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік ережелері, құқық бұзушылықтың алдын алу, су айдындарындағы, көшедегі және интернет кеңістігіндегі қауіпсіз мінез-құлық қағидалары түсіндірілді.

📅 10 Шілде 2026👁 0